CAIER

Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы Қызыл кітапқа енген жануарлардың қырылу себептерін анықтауда

Маңғыстау облысында Түпқараған ауданының жағалауында 112 каспий итбалығының өлі денесі табылды.

Каспий теңізінің эндемигінің жаппай қырылуы туралы хабар 3 қараша күні сағат 22:30-да Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығына түскен, орталық мамандары 4 қараша күні таңертең оқиға орнына шыққан.

Қазіргі уақытта жағалау сызығын зерттеу жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдігі мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитеті мамандар мен өлі денелерді жинауға арналған көліктер бөлді.

“4 қарашадағы жағдай бойынша әртүрлі, бір-бірінен қашық орналасқан жерлерден 112 өлі итбалықтың денесі табылды. Қазіргі уақытта олардың тін үлгілерін зертханаға жіберіп, өлім себептерін анықтау мүмкіндігі қарастырылуда, өйткені жануарлардың қалдықтары шіріген күйде”, – деп түсіндірді Адылхан Товасаров, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының директоры.

Зерттеу қорытындысы бойынша жүн, мұрт, тырнақ, сондай-ақ су мен топырақ үлгілері Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының зертханасында әрі қарай зерттеу үшін алынды.

Қазіргі уақытта орталық мамандары Балық шаруашылығы комитетімен бірлесе отырып, Каспий теңізінің басқа аймақтарын зерттеп, басқа өлі жануарлардың табылу немесе жағаға шығу деректерін анықтауда.

Анықтама үшін:

Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы – Солтүстік Каспийдегі эндемик жануарға ветеринарлық көмек көрсететін жалғыз мекеме.

Орталық 2019 жылы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының базасында құрылған.

Жұмыс істеген уақыт ішінде орталық 50-ден астам каспий итбалығын құтқарды.
QZ