CAIER

Экологиялық апат: Каспий теңізінің жағалық сызығы қазірдің өзінде 50 км шегінді

Климаттың өзгеруіне байланысты Каспий теңізі қауіпті қарқынмен тартылып бара жатыр, бұл жағдай күрделі экологиялық және экономикалық проблема тудырады. Лидс университеті доктор Мірғали Баймұқановпен (Гидробиология және экология институты), доктор Алтынай Қайдаровамен және эколог Әсел Тасмағамбетовамен (Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты) бірлесіп жүргізген жаңа зерттеу Каспий теңізіндегі су деңгейінің тіпті қалыпты төмендеуі Қазақстанға қарайтын Солтүстік Каспий жағалауына күрт әсер етіп, мұның жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің мекендеу орнынан айырылуына, балықшылық пен кеме қатынасының бұзылуына әкеп соқтыратынын, сондай-ақ халықтың денсаулығына қауіп төндіретінін көрсетті.

Каспий теңізінің Қазақстанға қарайтын бөлігі өте таяз, сондықтан онда су деңгейінің төмендеуі өте қауіпті. 2001 жылдан бері теңіздің солтүстік-шығыс жағалық сызығы 50 шақырымнан астам жерге шегініп, бұрын су кеңістігі болған мыңдаған шаршы километр құрғақ жерге айналды.

Каспий теңізінің деңгейі 5 м төмендейтін консервативтік сценарий бойынша оның қазақстандық бөлігіндегі экологиялық және биологиялық маңызды аумақтардың (ЭБМА) 60% жуығы жоғалуы мүмкін. Егер су деңгейі 10 м төмендесе, шығын 80 %-дан асуы ықтимал, бұл аса маңызды жануарлар мекеніне қатер төндіреді және табиғат қорғау жұмыстары нәтижесіз аяқталады.

Қазақстанның Каспий жағалауындағы негізгі порттарының бірі – Ақтау сияқты жағалық қалалардың және олармен байланысты өнеркәсіп салаларының (мысалы, солтүстік бассейндегі мұнай-газ объектілері) жаңа жағалық сызықтан ондаған немесе тіпті жүздеген шақырым жерде қалып қою қаупі бар. Бұл өңір инфрақұрылымын ауқымды қайта салуды қажет етеді және елге айтарлықтай экономикалық шығын әкеледі.

Жойылып кету қаупі төнген және аймақтағы бірден-бір эндемикалық теңіз сүтқоректісі саналатын Каспий итбалығы қыс мезгіліндегі Солтүстік Каспийдегі мұз жамылғысына тәуелді. Су деңгейінің 5 метрге төмендеуі осы жануардың көбеюі үшін өмірлік маңызды жерлерді жартысынан астамға қысқартып, онсыз да күйзеліске ұшырап жатқан популяциясына одан да зор қатер төндіреді.

Еліміздің солтүстігін мекен ететін көптеген қазақ қауымы майдагерлік балық кәсіпшілігіне тәуелді. Таяз су аудандары құрғаған сайын балық кәсіпшіліктері құлдырауы немесе басқа аймаққа ауысуы мүмкін, бұл жергілікті халықың тіршілікке керек қаржысы мен азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне қатер төндіреді.

Қазақстанға қандай зардап келуі мүмкін

Ақтау порты сияқты ірі тораптар елдің ішіне қарай алыс жерге ауысуы мүмкін болғандықтан, Қазақстанның экспорт, импорт және мұнайды ауыстырып тиеу әлеуеті айтарлықтай құлдырауы ықтимал.

Теңіздің ашылып қалған түбі құрғаған сайын тұзды және өнеркәсіптік шаң-тозаң шығарылуы мүмкін, бұл суы тартылған басқа теңіздер ұшыраған бұрынғы экологиялық апаттардың жаңғырығы іспетті болады. Бұл шаң адамдардың денсаулығына және ауыл шаруашылығының өнімділігіне зиян келтіруі мүмкін.

Қазіргі мемлекеттік табиғат қорғау аймағының (мысалы, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде) теңіз акваториясы айтарлықтай қысқарады. Сулы-батпақты алқаптардың, қамыс қопасының және балық уылдырық шашатын жерлердің жойылуы құстардың миграциясы мен балықтардың қайта өсуіне әсер етіп, биологиялық әртүрліліктің қысқаруын жеделдетеді.

Зерттеуге жетекшілік еткен Лидс Университетінің Биология мектебінде жұмыс істейтін доктор Саймон Гудманның пікірінше: «Каспий теңізі деңгейінің біршама төмендеуі тіпті парниктік газдардың жаһандық шығарындысын азайту шаралары қолданылса да, шарасыз жағдай болып көрінеді. Алайда, мұның болжамды салдары ондаған жылдар бойы көрініс беретін болса, адамның мүддесі мен әл-ауқатын сақтай отырып, биологиялық әртүрлілікті қорғау тәсілдерін табуға болады. Бұл ұзақ мерзім болып көрінуі мүмкін, бірақ орасан зор саяси, заңнамалық және логистикалық проблеманы ескерсек, табысқа жету мүмкіндігін барынша қамтамасыз ету үшін мүмкіндігінше тезірек іс-қимыл жасаған дұрыс».

Ұсыныстар және кейінгі қадамдар

Алдағы уақытта биоәртүрліліктің және адамның әл-ауқатының артуы мен амандығының арасында нәзік теңгерім табу керек. Зерттеушілердің ұсыныстарына мына төмендегілер кіреді:

- Биоәртүрлілікке мониторинг жасау, оны сақтауды жоспарлау және тұрақты даму үшін аймақтық әлеуетті нығайтуға қаражатты инвестициялау;

- Су деңгейінің төмендеуіне қарсы тұру және бейімделу үшін экономиканы әртараптандыру (мысалы, экотуризм, жаңартылатын энергия көздерін дамыту) және инфрақұрылымды (мысалы, суды тұщыландыру қондырғыларын) модернизациялау жолымен жағалау маңында тұратын қоғамдастықтарға қолдау көрсету.

Ажыратымдылығы жоғары батиметриялық деректердің көлемін ұлғайту және үнемі экологиялық мониторинг жүргізу мекендеу орындарының қалай өзгеріп жатқанын дәл анықтауға және дер кезінде тиісті шара қолдануға көмектеседі.

Парниктік газдар шығарындыларын қысқарту және одан әрі жылынудың салдарын азайту Каспий теңізінің тартылу ауқымын шектеу үшін аса маңызды.

«Бұл Каспий теңізінің қазіргі жағдайына баға беруге және экожүйенің алдағы ондаған жылда қалай дамитынын моделдеуге көмектесетін маңызды және дер кезінде алынған деректер. Бұл Каспий маңындағы бес елдің барлығының кешенді, үйлестірілген тәсілдемесі болуы аса қажет екендігін көрсетеді, демек, олар белсенді ынтымақтастық құруы керек», - дейді эколог, Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова.

Зерттеушілердің пікірінше, Қазақстан және Каспий жағалауында орналасқан басқа елдер ортақ ресурстарды басқару, әсіресе Каспий теңізіне құятын Еділ мен Жайық сияқты өзендерді басқару үшін саясаты пен жоспарлауын үйлестіруі керек.
QZ