CAIER

CAIER KASE үшін жасыл облигациялар бойынша кеңесші болады

Қазақстан қор биржасы (KASE) мен Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты (CAIER) тиісті меморандумға қол қойып, Қазақстанда тұрақты қаржыландыру нарығын бірлесіп дамытуға келісті.

Құжат KASE эмитенттеріне тұрақты даму мәселелері және жасыл, әлеуметтік және өзге де ESG-облигацияларды шығару бойынша сараптамалық әрі консультациялық қолдау көрсетуді, сондай-ақ тәуелсіз Second Party Opinion (SPO) қорытындысын жеңілдетілген шарттармен алу процесін сүйемелдеуді көздейді.

Серіктестік аясында KASE эмитенттері CAIER ұйымынан SPO бойынша сыртқы бағалау қызметтерін өтеусіз негізде ала алады. Бұл компаниялардың тұрақты қаржыландыру нарығына шығуындағы кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Меморандумға жасыл облигацияларды шығаруға дайындық тақырыбына арналған бірлескен практикалық семинар аясында қол қойылды. Қатысушылар ESG-облигацияларды шығарудың негізгі кезеңдерін – негіздемелік құжаттаманы әзірлеуден және қаржы құралын құрылымдаудан бастап тәуелсіз SPO қорытындысын алуға және Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығының (ICMA) Жасыл облигациялар қағидаттарына сәйкес шығаруға дейінгі барлық процесті қарастырды.

Кездесуді ашып жатып KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов тұрақты қаржыландыруды дамыту Биржаның стратегиялық бағыттарының бірі екенін айтты. Қазіргі уақытта KASE листингінде тұрақты қаржыландырудың 49 құралы бар, оның ішінде 19-ы – жасыл облигация. Тіркелген шығарылымдардың жалпы көлемі 1,8 трлн теңге, ал тартылған қаржыландыру көлемі 1,3 трлн теңгеден асты.

CAIER негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова экология мәселелері экономикамен және қаржымен тығыз байланысты екенін, ал тұрақты қаржыландыру экологиялық жобаларды іске асырудың маңызды тетігіне айналып отырғанын айтты.
Сондай-ақ кездесуде CAIER, Shoqan SDG және Teniz Capital Investment Banking сарапшылары сөз сөйледі. Олар тұрақты облигацияларды дайындау және орналастыру бойынша нақты тәжірибесімен бөлісіп, шығарылымдарды құрылымдау және инвесторлармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру жөнінде практикалық ұсынымдарын ұсынды.


QZ