Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) сарапшылары Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының (CAIER) инновациялық RnD зертханасында болып, экоресурстарды сақтау саласындағы бірқатар мәселені талқылады.
Институт мамандары Қазақстандағы жетекші техникалық университеттердің бірінің делегациясын биоалуантүрлілікті сақтау, соның ішінде Каспий итбалығын сақтау саласындағы әзірлемелерімен таныстырды, мұнай өндірісі қалдықтарынан құрылыс материалдарын жасаудың авторлық әдісі, сондай-ақ ESG консалтингі саласындағы әзірлемелері назарға ұсынылды.
ҚБТУ өкілдері су мәселелері бойынша CAIER сараптамасына ерекше қызығушылық білдірді: қазіргі уақытта Институт ғалымдары тарихи материалдарды зерделеудің, сценарий талдаудың және осынау құнды ресурты пайдалануды оңтайландыру жолдарын ұсынудың негізінде аймақтар мен бизнес үшін су тұтынуды оңтайландыру бағдарламаларын әзірлеу, соның ішінде баламалы су көздерін пайдаланудың қолжетімді технологияларын пайдалану мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Өз кезегінде қонақтар суға байланысты мәселелердегі ҚБТУ әзірлемелері, соның ішінде предикт модельдерді әзірлеу жөніндегі АТ шешімдері туралы айтып берді.
Сапар барысында сонымен қатар Қазақстанның тұрақты дамуына, соның ішінде жоғары оқу орындары үшін өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесудің нәтижесінде су теңгеріміне қатысты мәселелер бойынша тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Алдағы уақытта CAIER сарапшылары ҚБТУ студенттеріне арнап тұрақты даму және биоәртүрлілікті сақтау мәселелері бойынша оқу семинарлары сериясын өткізеді деп жоспарланып отыр.
Қол жеткен уағдаластықтардың жалғасы ретінде CAIER сарапшылары "Тұрақты даму және Технологиялар" атты meet-up жиынға шақырылып, аталмыш іс-шара 16 тамызда ҚБТУ қабырғасында өтті.
«CAIER ұжымының пікірінше, мұндай іс-шаралардың маңызы зор, өйткені олар қатысушыларға тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелер мен проблемалар тізімін жасауға, тұрақты даму мәселелерінде тренд қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті CAIER коммерциялық директоры Дмитрий Метелев.