CAIER

Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының Консультативтік кеңесінің екінші отырысы

2025 жылғы 4 қарашада Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының су және климат мәселелері жөніндегі Консультативтік кеңесінің екінші отырысы онлайн форматта өтіп, оған мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар мен өңірдің сарапшылық қауымдастығының өкілдері қатысты.

Ғылыми шараны Консультативтік кеңестің төрайымы — эколог, CAIER негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова ашты.

Кездесудің негізгі бағыты — су секторы бойынша жобалық өтінім қалыптастыру, бұл аймақтың экологиялық және климаттық күн тәртібіндегі ең өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Отырыс су ресурстарын басқарудың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірлік ынтымақтастық тетіктерін дамытуға бағытталған жобалық шешімдерді әзірлеуге арналды.

Қатысушылар Орталық Азиядағы су мәселелерін — су ресурстарының тапшылығын, инфрақұрылымның тозуын және климаттық тәуекелдердің артуын — сондай-ақ, болашақ бағдарламалар мен әріптестіктердің негізін құрай алатын мемлекетаралық және салалар арасындағы бастамаларды әзірлеу үшін күш-жігерді біріктірудің мүмкін жолдарын талқылады.

Сонымен қатар, қатысушылар нормативтік-құқықтық актілер мен қолданыстағы халықаралық экологиялық жобалардың өзекті деректер базасын қамтитын өңірлік платформа құруды ұсынды. Бұл жаңа жобалық ұсыныстарды қалыптастыру барысында жүйелі талдау жүргізуге, іс-қимылдардың үйлесімділігін қамтамасыз етуге және ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қатысушылары CAIER ғылыми жобалар үйлестірушісі Данила Уваровтың баяндамасын үлкен қызығушылықпен қабылдады. Ол жол картасын әзірлеу шеңберіндегі жұмысты баяндап, құрғақшылық пен су тапшылығына мониторинг жүргізудің өңірлік желісін (DroughtNet-CA) құру тұжырымдамасын ұсынды, сондай-ақ бұл бағыттың әрбір ел үшін және тұтас өңір үшін басым маңызға ие екенін атап өтті. CAIER ҒЗЖ бөлімінің жетекшісі Виктория Крылова трансшекаралық өзендердің ағысына мониторинг жүргізуді ұйымдастырудың өзектілігін атап өтіп, бұл шараның ашықтықты арттыру және өңірлік тұрақты ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды екенін жеткізді. Тәжікстаннан келген Бахром Узаков шалғай ауылдық аймақтарды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су киоскілерін ұйымдастыру арқылы іске асырылатын жобаны таныстырды. Талқылау барысында сарапшылар ұсынылған барлық идеялардың тәуекелдерін талдап, олардың әлеуетін бағалауға назар аударды. Қазақстан Республикасындағы ОААЭО филиалының директоры Ерлан Жұмабаев Қазақстанның су секторы бойынша ұлттық басымдықтарын растады және жер асты суларын басқаруға, сондай-ақ құрғақшылыққа төзімділікті арттыруға бағытталған жобалардың айрықша маңызын атап өтті. Ол бұл бағыттардың өңірдің су қауіпсіздігі мен климаттық бейімделуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын да айтты. Талқылау қорытындысы бойынша Әсел Тасмағамбетова айтылған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтіп, олардың әрі қарай дамуының, халықаралық серіктестер мен ұлттық ведомстволармен бірлесіп келесі іске асыру кезеңдеріне көшу мақсатында пысықталуының маңызын жеткізді.

Жиын барысында Орталық Азия елдеріндегі экологиялық нормативтік-құқықтық базаны талдау нәтижелері ұсынылды. Түрікменстандағы ОААЭО жобалық офисінің директоры Мерген Кепбанов аймақтың нормативтік-құқықтық базасын талдау қорытындыларымен бөлісті. Тәжікстан бойынша қолданыстағы донорлық бағдарламалар мен жобаларға шолу Далержон Ходжибоев тарапынан ұсынылды. Ұсынылған деректер негізінде қатысушылар Дүниежүзілік банк, ЕҚҚБ, ЖЭҚ және Ислам даму банкі жүзеге асырып жатқан бастамалар жаңа жобалық ұсынысты ілгерілету үшін қолайлы алғышарттар қалыптастыратынын атап өтті. Бұл ұсыныс су ресурстарын тұрақты басқаруға және ауыл шаруашылығын климатқа бейімдеп дамытуға бағытталмақ.

Кеңес «мәселе – шешім – күтілетін нәтиже – серіктестер – мерзім – шамамен бюджет» форматында 2–3 жобалық идеяны қалыптастыруға уағдаласты. Бұл әзірлемелер өңір елдерінің ортақ мүдделерін және халықаралық донорлардың стратегиялық басымдықтарын қамтитын бірлескен жобалық өтінімнің негізін құрайды.

Болашақ жұмыс топтарының тақырыптық бағыттары да айқындалды:

– су ресурстарын басқару және мелиорация;

– су секторында инновациялар мен цифрлық технологияларды енгізу;

– ауылдық аумақтардың климаттық тұрақтылығын арттыру.

Кеңес мүшелерінің, яғни жетекші ғылыми және қолданбалы ұйымдардың өкілдерінің сараптамалық әлеуетін біріктірудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мұндай ынтымақтастық идеялар алмасудан нақты іс-қимылға көшуге мүмкіндік беріп, халықаралық алаңдарда таныстырылуға және қаржыландырылуға дайын жобаларды әзірлеуге жол ашады.

Консультативтік кеңестің қызметі аналитикалық және үйлестіру функцияларын қатар атқаратын, жобалық ұсыныстар әзірлейтін және өңір мен серіктестердің мүдделеріне сай шешімдер қабылдауға жәрдемдесетін тәуелсіз сараптамалық желі – аралас (гибридті) платформа құруға бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша жобалық идеялардың біріктірілген топтамасын дайындау туралы келісім жасалды. Бұл топтама өңірлік деңгейде талқылауға және әрі қарай ілгерілетуге ұсынылады. Кеңес су секторындағы жобалық бастаманы дамыту Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын нығайту жолындағы нақты қадам болатынына сенім білдірді.
QZ