Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы грант жеңіп алды
Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы Каспий теңізіндегі зиянды химиялық заттарды анықтау арқылы Каспий итбалығының мекендеу ортасын зерттеу бойынша зерттеулер жүргізуге «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ грантын жеңіп алды.
Орталық мамандары қоршаған орта объектілеріндегі және Каспий итбалықтарының (шаш, мұрт) сынамаларындағы ауыр металдар мен органикалық ластаушы заттарды анықтау үшін ай сайын Каспий теңізінің жағалауынан су мен топырақ сынамаларын алып отыратын болады.
Сонымен қатар, итбалықтардың мекендеу объектілеріне бірқатар экспедициялар ұйымдастыру да жоспарда бар. Сараптамалар барысында ауру немесе жарақаттанған жануарлар табылса, оларға ветеринарлық көмек көрсетілетін болады.
Гранттық зерттеу аясында Каспий итбалығының тіршілігі мен популяциясының азаю мәселесі бойынша жергілікті тұрғындар, балықшылар, студенттер мен оқушылардың қаншалықты хабардар екендігін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіледі.